Мақалада Таиланд пен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жүйелерін ұйымдастыру ерекшеліктері олардың аумақтық бейімделгіштігі және мемлекеттік басқару тиімділігіне ықпалы тұрғысынан қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі цифрлық трансформация мен өңірлік саралану жағдайында мемлекеттік қызмет кадрларының кәсіби дамуын жетілдіру қажеттілігімен айқындалады.
Зерттеуде өңірлік білім беру ұйымдарының қатысуына және желілік өзара іс-қимылға негізделген тайлық модельдің аумақтық бейімделгіштік деңгейі жоғары екендігі, ал қазақстандық жүйенің білім беру стандарттарын біріздендіру және кадрлық процестерді цифрландыру деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз ететіні туралы гипотеза ұсынылады.
Зерттеудің әдіснамалық негізін салыстырмалы-институционалдық және формальды-құқықтық әдістер құрайды. Екі елдегі мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды реттейтін нормативтік құқықтық актілер, ғылыми жарияланымдар, талдамалық материалдар мен ресми құжаттар талданды.
Зерттеу нәтижесінде кадрларды даярлаудың институционалдық тетіктеріндегі, өңірлік құрылымдардың қатысу деңгейіндегі, құзыреттерді қалыптастыру тәсілдеріндегі және цифрлық технологияларды пайдаланудағы айырмашылықтар анықталды. Жүргізілген талдау негізінде ұлттық даярлау стандарттарын өңірлік вариативтілікпен үйлестіретін мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырудың аумақтық бейімделгіш авторлық моделі ұсынылды. Тайланд тәжірибесінің жекелеген элементтерін пайдалану арқылы Қазақстандағы мемлекеттік қызмет кадрларының кәсіби даму жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсынымдар әзірленді.

