Перейти к основному контенту Перейти к главному меню навигации Перейти к нижнему колонтитулу сайта
Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Юриспруденция сериясы

ДІНИ НОРМАЛАРДЫ САҚТАЙТЫН ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ЖЕКЕ ШАРТТЫҚ ТЕТІКТЕРІ

Жарияланды September 2026
Аннотация

Мақала діни нормаларды сақтайтын жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуде жеке шарттық реттеудің қандай мүмкіндіктер беретінін және оның құқықтық шектерін анықтауға арналған. Мәселенің өзектілігі қазіргі еңбек қатынастарының даралануымен және жұмыскердің діни сенімінен туындайтын қажеттіліктерін жұмыс берушінің заңды мүдделерімен үйлестіру қажеттілігімен байланысты. Осы тұрғыдан еңбек шарты тараптардың құқықтары мен міндеттерін бекітетін құжат қана емес, нақты еңбек жағдайларын жұмыскердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып келісуге мүмкіндік беретін құқықтық құрал ретінде қарастырылады.

Зерттеудің мақсаты – діни нормаларды сақтайтын жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етудегі жеке шарттық тетіктердің құқықтық табиғатын, оларды қолдану мүмкіндіктері мен шектерін айқындау. Зерттеуде формальды-заңдық, салыстырмалы-құқықтық, жүйелік-құрылымдық және құқықтық модельдеу әдістері қолданылды. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен қатар осы мәселеге арналған ғылыми еңбектер мен шетелдік құқықтық тәжірибе қарастырылды.

Талдау барысында жұмыскердің діни қажеттілігі мен сол қажеттілікті еңбек қатынасында ескеруге мүмкіндік беретін нақты еңбек жағдайларының құқықтық тұрғыдан бір ұғым еместігі айқындалды. Діни қажеттіліктің болуы еңбек жағдайларын автоматты түрде өзгертуге негіз бермейді. Оны ескеру мүмкіндігі еңбек функциясының сипатына, еңбек қауіпсіздігі талаптарына, жұмыс берушінің ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне және басқа жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделеріне байланысты бағалануға тиіс. Қазақстанның еңбек заңнамасында мұндай қажеттіліктерді ескерудің арнайы жалпы тәртібі көзделмеген. Сондықтан жеке шарттық реттеудің қолданылу шектерін нақтылау және тікелей әрі жанама кемсітушіліктің алдын алуға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктерді жетілдіру ұсынылады.

pdf