Мақалада қазіргі кезеңдегі Қазақстан Республикасының көші-қон саясатының еңбек мигранттарының еңбек құқықтарын жүзеге асыруға ықпалы талданады. Стратегиялық географиялық орналасуы мен қарқынды дамып келе жатқан экономикасының нәтижесінде Қазақстан тек транзиттік мемлекет қана емес, сонымен қатар Орталық Азиядағы еңбек ресурстарын тартудың аса ірі орталықтарының бірі болып табылады. Еңбек мигранттарының негізгі ағымы Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан болғандықтан, бұл үрдіс әлеуметтік-экономикалық факторлармен қатар Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) шеңберіндегі мемлекетаралық ынтымақтастықпен де байлансыты. Талдаудың өзегінде ұлттық көші-қон саясаты мен еңбек мигранттарының еңбек құқықтарын нақты іске асырудың өзара байланысы жатыр, бұл байланыс әлеуметтік кепілдіктерге қолжетімділік, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ кемсітуден және қанаудан қорғалу мәселелерін де қамтиды. Ерекше назар Қазақстанның нормативтік-құқықтық базасына, елдің халықаралық міндеттемелеріне және олардың имплементациясы (іске асырылуы) тәжірибесіне аударылады. Халықаралық стандарттармен заңнаманы үйлестіру және ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттарына еңбек нарығына кеңірек қолжетімділік беру бағытында қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар проблемалар сақталуда: заңсыз (рәсімделмеген) жұмыспен қамтылу, әртүрлі мемлекеттерден келген мигранттардың құқықтарындағы теңсіздік, сот арқылы қорғалудағы қиындықтар, ақпараттандырылу деңгейінің төмендігі. Мақалада жария етілген теңдік қағидаттары мен еңбек құқықтарын іске асырудағы нақты бөгеттер арасындағы қайшылықтар айқындалады. Қазақстанның көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы қорытынды жасалады, яғни, бұл жетілдіру мигранттарды тиімді құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге, мониторинг пен бақылау тетіктерін күшейтуге, сондай-ақ ХЕҰ мен БҰҰ-ның негізгі конвенцияларын ратификациялау арқылы елдің халықаралық-құқықтық міндеттемелерін кеңейтуге бағытталуға тиіс.
