Қылмыстық жауаптылықтан босату институты әруақытта қылмыстық құқықтық доктрина мен практикадағы өзекті және маңызды мәселелердің бірі болып келген.
Сот практикасында қылмыскердің кінәсі анықталады және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы (өзге де ықпал ету шаралары) тағайындалады. Бірақ бұл тағайындалған шара қаншалықты тиімді болады деген сұраққа жауап - бұл жеке сұрақ. Қылмыстық заңнаманың түпкі мақсатына жету маңызды десек те, күні бүгінге дейін ғылымда қылмыстық жауаптылық және қылмыстық жауаптылықтан босату ұғымдарына қатысты бірыңғай түсінік жоқ. Бұл қылмыстық жауаптылықтан босату жөніндегі норманы құқық қолдану тәжірибесінде жүзеге асыруда қайшылықтарды жиі тудырады.
Мақалада қылмыстық жауапкершіліктен босату институтының қылмыстық құқықтағы орны қаралады.
Қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық мәжбүрлеуді шектеу және жұмсарту үрдісін көрсетеді. Бұл ретте қылмыстық жазадан босатуды тек жеке тұлғаның ерекшеліктерін мұқият зерттегеннен кейін, оның түзелуге мүмкіндігі болса ғана және әрбір нақты жағдайда қолдануы тиіс. Қылмыстық жауапкершіліктен босату жазаны орындаудан ғана емес, сонымен қатар жазалау шарасын тағайындаудан да босату дегенді білдіреді. Авторлар субъектінің қылмыстық іс-әрекет жасағаннан кейінгі оң мінез-құлқын бақылай отырып, оның қоғамға қауіптілігін жоғалтқандығына көз жеткізу қылмыстық жауаптылықтан босатудың жалпыға ортақ шарты болғаны дұрыс деген тұжырымға келеді.
