Мақала Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған кезеңінен кейінгі конституциялық реформаларын және олардың мемлекеттік басқаруды жаңғыртудағы рөлін зерттеуге арналған. Зерттеу барысында конституциялық дамудың барлық кезеңдері талданады: 1993 жылғы Конституцияның өтпелі үлгісі, 1995 жылғы Конституцияның президенттік билік моделін бекітуі, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған 2007 және 2017 жылдардағы реформалар, сондай-ақ суперпрезиденттік модельден бас тартуға және Конституциялық Сотты қалпына келтіруге бағытталған 2022 жылғы ауқымды өзгерістер. Зерттеудің мақсаты – Қазақстандағы конституциялық реформалардың заңдылықтары мен нәтижелерін айқындау, олардың институционалдық даму мен демократияландыру үшін маңызын анықтау.
Зерттеу нәтижелері: 1993 жылғы Конституция өтпелі сипатқа ие болып, билік тармақтарының тепе-теңдігін толық қамтамасыз етпегені дәлелденді; 1995 жылғы Конституция президенттік модельді орнықтырып, саяси тұрақтылық бергенімен, демократияландыруды шектеді; 2007–2017 жылдардағы реформалар институционалдық жаңғырту бағытын айқындады, алайда президенттің фактілік үстемдігін өзгерте алмады; 2022 жылғы конституциялық реформа билік жүйесін түбегейлі трансформациялаудың үлгісі болды: Парламенттің өкілеттігі күшейтілді, конституциялық бақылау органы қалпына келтірілді, адам құқықтарын қорғау тетіктері кеңейтілді. Конституциялық дамудың барлық кезеңдеріне олардың мемлекеттік басқару жүйесінің эволюциясына қосқан үлесі тұрғысынан кешенді баға берілді. Қазақстандағы конституциялық реформалардың тұрақтандырушы және жаңғыртушы қос функция атқарып, демократия кеңістігін біртіндеп кеңейткені анықталды.
